Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт
– тарихынан, түп тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен
айырылған халық ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал
ондайларды мәңгүрт деп атайды.
Шерхан Мұртаза
Тілін білмеген – түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады.
Ғабит Мүсіремов
Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.
Ыбырай Алтынсарин
Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғандығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз
Ахмет Байтұрсынов
Біздің тәжірибемізде қазақ тілі — бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш.
Халел Досмұхаммедұлы
Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардың да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр… Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі "Тіл құралы” екенін ұмытпасқа керек.
Міржақып Дулатов
Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті”, "Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік.
Мағжан Жұмабаев
Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп-былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да ауызды толтырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңырау желіндей еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз, дыбыс пен дыбыс өзара ұйқасып, жымдасып жатады. Тыңдаушысын бірден ұйытып әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ құлақ түбіне хрустальдай сыңғырлап, қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің.
Қабдеш Жұмаділов
Қазіргі қазақ тілі — небір керемет философиялық толғаныстарды да, күрделі терең ойларды да, қылдан нәзік, жібектен биязы, аяулы сезім-тебіреністерін де емін-еркін әсерлі жеткізетін көсілмелі, кең құлашты көркем тіл, "толқынын жүрегінің хаттай танытар” ғажап тілдердің бірі. Бұған барша қазақ баласы мақтана алады.
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қисымын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң не бір алуан – шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте, тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! … Осындай майса сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.
Нұртас Оңдасынов
Нәбижан Мұқамедханұлы



